Образ мужчин в казахской литературе
06.02.2021

Статья публикуется на языке оригинала.

Қыз баласының жүрегін жаулау үшін ер бойында қандай қасиеттер болуы тиіс?! Өзіне ынтық етіп,баурау үшін қандай қатерге басын тігіп, қанша мәрте өлімге қарсы қасқая тұруы тиіс?! Сонау ертегі әлеміндегі Ер Төстік, Алпамыс, Ер Тарғын секілді ер азаматтың асыл қасиетін бір бойына жия білген, жеті жұрттың жаманынан, жеті жұттың жадауынан сүрінбей өтетін сері секілді мінсіз қаһарман болуы міндет пе?!

Әлде, арамза байдың малын кедейге жырып беріп,өтірікті балдай тамызса да,кедей-кемтіктің жанашыры боп,ел аузынан түспейтін Алдар Көсе секілді айлакер не өмірдің ақиқатын қулығымен айқындайтын Тазша бала секілді сөзтапқыш болуы міндет пе?! Идеал образ ізденісіне тереңірек бойлай түсер болсақ, Жібектің асылтекті Төлегені,Еңліктің қырық кісіге татитын Кебегі,бақытсыз Жамалдың қысқа ғұмырына жарық берген Ғалиы сынды әдебиет қазынасында қазақ ер азаматының бүтін болмысын ашатын кейіпкерлерге соқтығысамыз.

«Қыз Жібек» – ғашықтар жыры

Кез-келген махаббат оқиғасынан сыр шертер болсақ, қазақ жігіттерінің қай заманда да болмасын сүйгені үшін өмірін тәуекелге тігуден тайсалмайтын тамсандырар терең сезімге ие болғанын байқаймыз. Бірден-бір мысал ретінде Төлеген жайында айтар болсақ, аталмыш батыр асқан ерлігімен де, асып-тасыған байлығымен де ерекшеленбейді. Төлеген үшін бай болып, бақуатты тұрмыс кешуге де немесе батыр болып, барша жұртты аузына қаратып,атақ-даңққа бөлену де маңызды емес. Жас жігіттің жалғыз мақсаты – сүйгеніне сүрінбей қосылып,бақытты ғұмыр кешу еді. Жібекпен екі жарты бір бүтін болу үшін өз отбасынан да, қайын жұртынан да теріс бата алса да қолын суға салмай, керісінше Бекежанға қарсы жекпе-жекке аттанған темір мінез, асылтекті Төлеген сүйгеніне қауыша алмай қаза тапса да, көптің көңілінде махаббат сынды мөлдір сезімнің мінсіз болмысы боп мәңгі қалмақ.

«Бақытсыз Жамал» – Міржақып Дулатов

Аталмыш туынды ежелгі дәуір әдебиетіндегі ер адамның мықты образынан бірден бір мысал болып табылса, 20 ғасырда әдеби әлемді бір сілкіндірген Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы осы дәуір басындағы қазақ әдебиетінің аталмыш жанрдағы тұңғыш романы, тұңғыш мақтанышы болып табылады. Жамалдың қамшының сабындай қысқа ғұмырына жарқ ете түскен найзағайдай жарық берген Ғали мен оның ғаламат сезімге толы ғашықтығы қазақ әдебиетіндегі ер адам болмысына тың тыныс бергендей әсер қалдырмай қоймасы анық. Жазушының жігіттің даралығы мен даналығын сипаттауының өзінде ұштасқан қарапайымдылық Ғалидың мықтылығн одан әрі аша тіседі.

«Бұл жігіт орта бойлы, қияпатты, азырақ бетінде қорасан дағы бар, жаңа мұрт шығып келе жатқан, сөйлеген сөзі сыпайы, әдепті, киімі ноғайшалау, Ғали есімді бір зат еді. Көлденеңнен қарап салыстырғанда бұл үйдегі жігіттердің афзалы Ғали, қыздардың афзалы Жамал секілді көрініп, екеуінің қатар отырулары бек жарасып кетті» - дей отыра, қалтасы тесік қарапайым қазақ жігітін көрегенділік пен кішіпейілділік, көзі ашық, көкірегі ояу білімпаздығымен көптің ішінен суырып алып,абыройын көкке жеткізген. Әрмен қарай «Оқыған... білімді... өнерлі... көзі ашық... келбетті...» деген сияқты сын есімдермен Ғалиды сипаттай отыра, елді мойындатар ер болу үшін бай да бақуатты болу немесе текті отбасында дүниеге келу міндет емес екендігін көрсетеді. Аталмыш кейіпкердің өзге де мықты кейіпкерлерден бір қадам алда тұруының мәнісі осында.

Әуезовтың тұрмысы түзу, малы бүтін отбасында дүниеге келген Абайы не Сәбит Мұқановтың асыл текті отбасында өмір есігін ашқан "Аққан жұлдызы" Шоқан жайында сөз қозғамастан бірден мықты ер адам образы ретінде есімі еске алынған Ғали әдебиет әлеміндегі кедей де болса келбетін жоғалтпаған сирек кейіпкерлердің бірі де бірегей болып табылады.

«Қараш-қараш оқиғасы» – Мұхтар Әуезов

Қазақ әдебиетін бір сілкіндірген ер азаматтар образы қатарында шоқтығы биік Қараш-Қараш оқиғасының басты кейіпкерлері Бақтығұл мен Тектіғұлдың орны бір бөлек. Туындының басты образы Бақтығұл қазақтың ұлан-байтақ даласында Ресей патшалығының билігі орнығып, ерінің басы салбырап, ендігі қару ұстаған батыры да, өткір тілді шешені де, барлығы отар елдердің басына орнайтын тар жол тайғақ кешкен қоғамның терең де тауқыметті дағдарысқа ұшырағандығын толықтай танытқан қуатты да жанды  герой, жаңа дәуірдің алғашқы жаршысы, бастаушысы болып табылады.

Әңгімеде  махаббат сынды лирикалық сезім көрініс таппағанымен, ер азаматтың бойынан қазіргі таңда сирек кездесетін туған бауырына, жақынына деген жанашырлық, ана сүтімен қанына дарыған бауырмалдылық керемет көрініс табады. Жоқшылық пен аштықтың сергелдеңінде, тағдырдың тауқыметін бастарынан кешкен қос бауыр бір-біріне деген адалдығын, имандылығын жоғалтпайды. Өзі үшін емес, өзге үшін, соның жұмсауымен жасаған әрекеті болғандықтан, неден болса да ақпын, менде айып жоқ деген таза көңіліне бекіген Бақтығұл өзінің жеке кінәсінің жоқтығын айтып қанша ақталса да,азамат қасқыр заманда қара жаланың күйесінен құтыла алмайды. Ер азаматтың қайғымен күрес жолындағы қиындықтармен бетпе-бет ұшырасатын сәтінде еркекке тән ержүректігі сипатталған.

 

«Балалық шаққа саяхат» – Бердібек Соқпақбаев

Негізгі жанрларды қамти отыра, балалар әдебиетіне де шолу жасай кетер болсақ,керемет мысалдарды кезіктіре аламыз. Шынын айтар болсам, қазақ әдебиетіндегі ең мықты ер адам образы дегенде барша адамның есіне Алпамыс, Ер Төстік, Ер Тарғын, Қобыланды сынды батырлар, Абылай хан, қаз дауысты Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би, Аяз би сынды өз заманасының көшбасшылары немесе лирикалық образдағы Қозы Көрпеш, Төлеген, Ғали, Кебек сынды ғашықтар жырының басты кейіпкерлері, Абай, Шоқан сынды аңыз адамдар түсетін болса, менің есіме бірінші боп Бердібек Соқпақбаевтың бестселлерінің басты кейіпкері – бала Беркен оралады. Анадан ерте көз жазған бүлдіршін асыр салып, ойын қуар балалық шақтың балғын сәтін сұм соғыс пен ашаршылықтың азабымен тартыста өткізеді. Қаршадайынан жетімдікке қасқая қарсы тұра күресе білген уыздай жас бала білімге, өмірге деген құштарлығымен барша қиындықты тайсалмай жеңіп шығады. Надан әкесі көмір таба алмай, кітаптарын отқа жақса да білім бұлағына бастар жолдан таймаған Беркен қақаған аязда да мектепке жұпыны шапан мен жыртық бәтеңкесімен зулай жөнеледі. Қараусыз қалған бауырына да өзі бала бола тұра, әке орнына әке, ана орнына ана болған Беркен өмірге деген шексіз құштарлықтың болмысы іспеттес. Бала болғанына қарамастан, ерге тән төзімділік пен табандылықты ерте бойына жиған бозбала кез-келген оқырманды өжет әрекеттерімен кітаптың басынан соңына дейін өзіне баурап алады.

«Жусан иісі» – Сайын Мұратбеков

Балалар әдебиетіндегі мықты ерге тән қасиеттер бойынан табылатын өзге де кейіпкерлер аз емес. Соғыстың кезінде жарық көрген Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» повесінің басты кейіпкері бала Аян қаршадайынан жетім қалса да, зерек боп өсіп, ең бірінші хат таниды. Ауыл балаларын да аузына қаратқан ертекші, дарынды бозбала боп өседі. Жазатайым тобығына зақым тигізіп, дұрыс күтім алмағанынның себебінен өмір бойы мүгедек боп қалған кейіпкер сонда да өмірге деген шексіз махаббатын,жайдары мінезін жоғалтпайды.

«Қаздар қайтып барады» – Қабдеш Жұмаділов

Келесі бір қазақ еріне тән ерекшелік – Отанға деген шексіз сүйіспеншілік. Қазіргі таңда туған жерінің топырағын уысынан тастамай, жат елде жарымның күнін кешкендей күңіренген азаматтарды кезіктіріп жатамыз. Туған жерді толғата ғұмыр кешкен қаншама жыршылар тарихқа аян. Солардың санатында, елін, жерін бір көру үшін өз өмірін бәйгеге тіккен Қабдеш Жұмаділовтің «Қаздар қайтып барады» әңгімесінің басты кейіпкері Байтас қарттың атамекеніне деген шексіз сүйіспеншілігі де тамсандырмай қоймасы анық. Ержүректігі мен қайсарлығына сүйеніп туған елге жол тартқан оралман қария кез-келген оқырманның жүрегін жылытып қоймай, қазақтың еріне тән тағы бір тамаша қасиетті таныс етеді.

 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келе отыра, әдебиеттің қай кезеңінде де қазақ ер азаматының қанына жақын тік мінез,қылыштың жүзіндей қиып түсер өткір көз,өлімнен жалтармай басын тігетін өшпес өжеттілік, сүйгені үшін сан алуан сынақтан сүрінбей өтуге даяр шексіз сүйіспеншілік ,қасық қаны қалғанша күресуге әзір қайтпас қайсарлық, жақындары мен туып өскен топырағына деген кіршіксіз адалдық секілді асыл қасиеттерге жан бітірген кейіпкерлер аз емес.Мінсіз ер болмысын іздеуде алысқа қол сермегеннің орнына өз әдебиетімізге көз жүгіртер болсақ, мықты ер адам образына лайық бірін ғана емес,мыңын кезіктіреміз дей отыра сөз соңын Күләш Ахметованың ерлер турасындағы өлең жолдарымен аяқтағым келеді:

«Ерлер жайлы жоқ тарих жазып біткен.

Құрсын соғыс ерлерді азып күткен.

Өжеттікпен, өрлікпен емес, қыздар,

Жігіттерді сыйлайық нәзіктікпен.»

 

 Мақаланы жазған: Алиева Малика, НЗМ ХБН Ақтау, 2017