Почему тяжело заниматься спортом?
07.09.2020

Статья публикуется на языке оригинала 

 Спортпен қалай тұрақты түрде айналысуға болады?

            Бүгінгі таңда спорт адамзат тарихында болмаған маңызға ие. Заманауи технологиялардың күннен-күнге адам еңбегін алмастыруына байланысты, белсенді өмір қағидалары бірте-бірте ұмытылып бара жатқаны өтірік емес. Спорт сүйер қауымның азаюның орынды себептері бар, алайда кез-келген мәселені шешуге болатынын ұмытпаңыздар! Сол себепті, бұл мақалада көпшіліктің белсенді өмір сүруіне тосқауыл болып жүрген кедергілер және спортпен тұрақты түрде айналысу жолдары ұсынылатын болады.

            Алдымен спортқа қалай келгенімді баяндар болсам, кішкентай кезімнен футбол десе ішкен асымды жерге қоятынмын. Күн сайын кешкі уақытта ауыл балаларымен доп теуіп, спортқа деген қызығушылығым арта түсті. Бастауыш сыныптарда өзімді басқа спорт түрлерінде сынап көрдім, алайда құлшынысым тек бірнеше аптаға ғана созылып жүрді. Сөйтіп, футбол менің өмірлік хоббиыма айналды.

Өмірлік тәжірибеме сүйене келе, күнделікті спортпен айналысуға кедергі келтіретін алғашқы мәселе – бос уақыттың жетіспеушілігі дер едім. Күнделікті қауырт тіршілікпен өз-өзімізге көңіл бөлуге ұмытып кетіп жататынымыз рас. Жоспарсыз келетін шұғыл шаруаларды, мерзімі тақап қалған жұмыстарды орындап жүріп, күніміздің қалай өтіп кеткенін де аңғармай қаламыз. Бірақ, айналамызға көз жүгіртер болсақ, өзіміздей адамдар барлығына үлгеріп жүр. Бәрімізге күніне бірдей уақыт – 24 сағат берілетінін ескере отырып, уақыттың жетіспеушілігі спортпен айналысуға кедергі болмайтынын ұғындым, себебі сіз өз уақытыңыздың қожайынысыз!

            Кейбір адамдардың уақытынан бұрын берілуіне себеп болатын екінші мәселе – нәтижелердің кеш келуі. Барлығымыз қысқа мерзімде үлкен жетістіктерге жетуге асығамыз, бірақ алдымызға қойған мақсат ұзақ еңбекті талап ететінін кей жандар түсіне бермейді. Жаттығудан кейін бірден таразыға жүгіретіндер де аз емес. Алайда, жаттығулар өз нәтижесін беру үшін кем дегенде 2 апта уақыт керек. Артық салмақтан арылу үшін спортпен шұғылданып жүрген адамдарға тек белсенді жаттығулардан бөлек, ұйқының толыққанды болуы, тамақтану рационын қатаң сақтау сияқты факторлар әсер етеді. Айтылған талаптарды ескермей, жоспарлаған көрсеткішке жете алмауын спорттың пайдасыздығы деп түсініп, орта жолда берілетіндер де жетерлік.

            Егер сіз айтылып өткен немесе басқа себептерге байланысты спортпен айналысуды тоқтатқан болсаңыз немесе белсенді өмір сүруді жоспарлап жүрсеңіз, назарларыңызға сіздің өміріңізді түбегейлі өзгертуге қауқарлы келесі ұтымды кеңестерді ұсынамын.

Алдыңызға түпкі мақсат қоя біліңіз

            Менің спортпен шұғылданудағы басты мақсатым – сүйікті ісіммен айналыса отырып, денсаулығымды нығайту. Егер сіз кей спорт түрлерін хобби көрсеңіз, онда жоғары көрсеткіштерге жетуіңізге ештеңе кедергі бола алмайды! Қазіргі таңдағы ахуалға байланысты иммунитетті жоғары деңгейде ұстау өте маңызды. Сол себепті спортпен күнделікті шұғылдану арқылы сіз кез-келген ауруға төтеп беріп, оған қоса өмір жасыңызды ұзартасыз десек артық болмас.

Алайда, әр адам спортпен әр түрлі мақсатпен айналысады. Біреулер өзінің денсаулығын нығайтқысы келеді, кейбіреулер физикалық көрсеткіштерін арттырғысы келсе, енді біреуі артық салмақ тастауды көздейді. Бірақ, спортпен айналыспас бұрын, өзіңізден «Менің спортпен айналысудағы мақсатым не?», «Ол мақсатқа жету үшін не істеуім керек?», «Мен сол асуды бағындыру үшін, кей нәрселерден бас тарта аламын ба?» деген сауалдарға жауап алыңыз. Өзіңіздің қалауыңызды тапқаннан кейін, сіз таңдаған салада жеңіске жеткен адамдардан кеңес алғаныңыз жөн. Барлық адамдардың мүмкіндіктері бірдей, яғни ол адам мақсатына жете білсе, сіздің де қолыңыздан келері сөзсіз! Ең бастысы – өзіңіздің жолыңыздан ешқашан таймаңыз. Тіпті сол мақсатқа жету үшін кейбір нәрселерден бас тартуға тура келетінін есіңізден шығармаңыз, себебі сіздің кей қылықтарыңыз алға қойған жоспарыңызға қайшы келуі мүмкін. Ештеңе оңайлықпен келмейді, сондықтан алдағы уақытта кездесетін қиындықтарға төзе біліп, болашақта қанша тер төгу керектігін ойлаудың орнына бір кезек артыңызға қарап, қаншама тосқауылдардан өткеніңізде еске түсіріп, сәтсіз сәттеріңіз үшін өзіңізді сынамаңыз. Оған қоса, жоғары көрсеткіштерге жету үшін де демалыс керек. Ойдағыдай өткен демалыс сізге жаңадан серпін беріп, мақсатыңызға күннен-күнге жақындай түсесіз!

Кейбір сирек жағдайларда спортпен шұғылданудағы мақсатыңыз өзгеруі мүмкін, мысалы, дәрігер сізге кейбір спорт түрлерімен айналысуға қатаң тыйым салуы ықтимал. Бірақ, менің ойымша, осындай күрделі себептерге байланысты ғана түпкі мақсатыңызды өзгертуге болады. Себебі, мақсатыңыз айтарлықтай айқын және сіздің қолыңыздан келетіндей болуы тиіс. Анық берілген пәрмендер сізді тек алға жетелеп, кедергі келтіретін факторларды елемей, көздеген көрсеткішіңізге жеткізеді. Тек алға қойған жоспарыңызды орындағаннан кейін ғана жаңа асуларды бағындыруды көздеңіз. Қолыңыздан барлығы келетінін өз көзіңізбен көре отырып қана, биік белестерге ұмтылуға болады!

Өзіңізбен бірге спортпен шұғылданатын серіктесіңіз болғаны жөн

Бірлесе көтерген жүк жеңіл демекші, мақсатыңыз ұқсас жандармен спортпен бірге айналысу – жоғары нәтиженің кепілі. Кез-келген адамға, тіпті чемпиондардың өзіне қолдау керек. Айтып өткенімдей, сәтсіздіктер кез-келген уақытта, кез-келген жерде болады. Кей жеңілістер сіздің көңіл-күйіңізді түсіріп, бастаған жолыңыздан тайдыруға итермелеуі мүмкін немесе кей күндері спортпен айналысуға зауқыңыз соқпауы ықтимал. Осындай кезде сізге қолдау көрсетіп, аяғыңыздан тік тұрғызатын серіктесіңіз болғаны абзал. Ол серіктес міндетті түрде жаттықтырушысы немесе спортшы болуы міндетті емес. Бауырларыңыз, достарыңыз тіпті әлеуметтік желідегі сіздің мақсатыңызды бөлісетін адам да сізге серіктес бола алады. Бірақ, сізге қойылатын тағы бір талаптардың бірі – серіктесіңізді ойланып таңдаңыз. Ол кез-келген адам болғанымен, еріншектердің ертеңі бітпейтінін ұмытпаңыз! Барынша сізге қарағанда тәжірибесі мол, жауапкершілігі жоғары адаммен ешқашан сан соғып қалмайсыз. Сізді артқа тартудың орнына өрге жетелейтін жолдас қана өміріңізге қатаң тәртіп пен тәтті жеңістер алып келері сөзсіз.

Менің спорттағы серіктесім ол – жан досым. Балалық шағымнан бірге өсіп, кез-келген қиындықты бірге жеңіп келеміз. Ол да футбол ойынының жанкүйері. Сол себепті, қолайсыз ауа-райына қарамай-ақ сүйікті ісімізбен айналыса береміз. Жоғары оқу орнында оқу жылы басталған кезде кей күндері бос болмай қалып жатамыз, алайда әрбір сенбі, жексенбі күндері футбол ойнауды әдетке айналдырдық. Қандай кедергілер болмасын, біз белсенді өмір салтын ұстануды тоқтатпайтынымызға менің күмәнім жоқ!

Күніңізді жоспарлап, тәртіпке үйреніңіз

            Бұл тәсіл сізге тек белсенді өмір сыйлап қана қоймай, өміріңіздің барлық саласын сапалы деңгейге көтереді. Күніңізді жоспарлау дегеніміз – сізге күн сайын берілетін 1440 минутыңызды максималды өнімді пайдалану, соның ішінде бірінші байлық – денсаулығыңызды шынықтыру үшін ауадай қажет құрал спортқа көңіл бөлу. Өз басым егер жұмыс кестеңіз аса тығыз болса, спортпен таңертең айналысуға кеңес беремін. Себебі, таңертеңгі физикалық жаттығулар сізге күні бойына жететін энергия сыйлайды, көңіл-күйіңіз көтеріліп, ми жұмысы жақсарады. Әр таңыңызды қуанышпен қарсы алатын болсаңыз, спортқа деген сүйіспеншілігіңіз арта түсетіні хақ.

              Күніңізді жоспарлау керемет кеңес, алайда мінсіз ештеңе болмайтынын естен шығармаңыз! Көптеген адамдар уақытының әрбір минутын жоспарлап, сол жоспарды қатаң сақтағысы келеді. Алайда, жоспарсыз келетін шаруалар әрқашан болатынын ұмытып жатады. Осылайша, бірнеше сәтсіздіктерден кейін қолын бір-ақ сілтейді. Менің ұсынысым – әрбір минутыңызды күн тәртібіне енгізу міндетті емес, себебі мұндай жоспарды мінсіз орындау қиындық туғызады. Сол себепті ең маңызды деген істеріңізге аса көңіл аударған жөн. Сіздің назарыңызды және көп энергияны талап ететін жұмыспен таңғы уақытта айналысыңыз. Егер күніңізді үлкен істі тындырумен бастасаңыз, күннің қалған бөлігін еш уайымсыз өткізе аласыз. Сонымен қатар, ұсақ-түйек жұмыстарды түскі немесе кешкі уақытта орындағаныңыз жөн, өйткені олардың өзі сіздің энергияңызды айтарлықтай азайтуы мүмкін. Сондықтан жоспарыңызға өзгерістер енгізуден қорықпаңыз. Егер бір күн ойдағыдай өтпесе, онда тұрған ештеңе жоқ, өзіңізге ыңғайлы күн тәртібі бірінші мүмкіндіктен құрылмайтындығын ұмытпаңыз!

Қорытындылай келе, ең бастысы спортпен өзіңізді қинап айналыспай, әрбір сәтіңізден ләззат ала біліңіз! Өзіңіздің сүйікті спортыңызды таңдаған болсаңыз, жоғары нәтижелер туралы уайымдамай-ақ күннен-күнге шынығып келе жатқыныңызды сезінуге мүмкіндік ала аласыз. Спортпен шұғылданып бастау үшін ешқашан кеш емес, себебі кез-келген еңбек бүгін болмаса ертең өз жемісін беретінін есіңізден шығармаңыз!  

Автор: Асқар Нұржан – Орал қаласындағы 2018 жылы ФМБ НЗМ