Қазақ тіліне аударылған 9 туынды: "Робинзон Крузодан" Стивен Кингтің "Жасыл миліне" дейін.
28.06.2021

"Қазақша оқитын кітап жоқ" дейміз, "Қазақша шығармалар не ауыл өмірі, не тарих туралы - қызықсыз" деп пікір айтып жатамыз. "Неге Гарриді Хәрри деп қойғансыңдар, бұл не деген аударма?" деп бұлданамыз. Қазақша кітап іздейміз, тауып қалып жатсақ, сын айтамыз. Ал кейде, бар затты көрмей жүреміз. Біз өзі бір қызықпыз. 

Соңғы екі жылда елімізде қазақ тіліне деген көзқарастар өзгергені байқалады. Ерекше байқалады. Бұл өзгерістер әдебиет саласын айналып өтпегені анық, себебі бүгінде кітап баспалары әлем әдебиетінің үздің шығармаларын қазақшалауда үлкен жұмыс атқаруда. Қазір кітап дүкендерінің сөресінен Том Сойер, Дымбілмес немесе Чиполлиноның хикаяларын қазақ тілінде кездестірсек таң қалмаймыз және бұл қуантарлық жайт. 

 Шетте қалмайық деп, біз де қазақшаланған шетелдік әдебиетке шолу жасадық. Төменде Елордалық «Фолиант» баспасынан жарық көрген тоғыз туынды жайлы ақпарат ұсынылған. Бұл баспа жылдың соңына дейін Толкиннің "Сақиналар әміршісі", Дэн Браунның"Код да Винчи", Шарлотта Бронтенің "Джейн Эйр" және Стивен Кингтің  "Сол"  шығармаларын басып шығармақ.

Жазғы демалысыңызды қазақша әдебиетпен толықтыруға асығыңыз!

  1. "Кішкентай ханымдар" - Луиза Мэй Олкотт

Луиза Мэй Олкоттың атақты «Кішкентай ханымдар» романы балалар әдебиетінің әлемдік классикасына айналған. Апалы-сіңлілі төрт қыздың балалық шағы жайлы оқиғалар желісі талай ұрпақтың жан дүниесін жаулаған.

Романдағы оқиға XIX ғасырдың аяғында Америкада өтеді. Марч әулетінің апалы-сіңлілері — сұлу Маргарет, ер мінезді, жайсаң Джо, мейірімді Бесс және жаны нәзік Эмидің әрқайсысының өз арман-мақсаты, тілегі бар. Олардың ортақ тілегі ата-аналарының сүйіспеншілігіне лайық болғысы келеді.

Бұл кітап көктемнің таңғы шапағы, бұлақтың сыңғыры іспеттес. Одан даршын мен балалық шақтың иісі аңқиды, күлімсіреп еске алатын көптеген оқиғаларды көз алдыңа әкеледі.

 

  1. "Жасыл Миль" - Стивен Кинг

 Танымал американдық жазушы Стивен Кинг бұл романында оқырмандарды Луизиана штатында орналасқан Суық Тау түрмесіндегі сұмдық оқиғалардың куәсі болуға шақырады. Өлім жазасына кесілгендерді жазалауға арналған Олд Спарки электр орындығына апаратын дәлізді тұтқындар Жасыл миль атап кеткен.

Түрме бақылаушысы Пол Эджкум мен басқа күзетшілер кей жағдайлардың біз ойлағаннан әлдеқайда басқаша екеніне көзі жетеді. Кейде темір тордың арғы жағындағы қылмыскердің адамгершілігі кәдуілгі адамнан артық болуы мүмкін. «Е» блогындағы тұтқындар үшін ажал өмірдегі барлық қайғы-қасіреттен арылудың жалғыз жолы болып қалады.

  1. "Робинзон Крузо" - Даниель Дефо

Адам баспаған иесіз аралда қалған Робинзон Крузо адамзат өркениетінің бүкіл жүріп өткен жолын қайта өткеріп, өз тіршілігін қалпына келтіреді. Еріксіз жалғыз ғұмыр кешуге мәжбүр болған талайсыз қаһарман ойлануға мұрсат алып, басына түскен қиындықтың себебіне үңілу арқылы тәубасына келіп, құдай жолына түседі. Жүрегіне иман орнап, жаны тыныштық тапқан Крузо қауіпті де алмағайып жалғызілікті ғұмырында пешенесіне жазылған адам төзгісіз қиындықтардың бәріне төтеп береді.

Адамның ақыл-парасаты мен ерік-жігерінің сынға түсіп, шар болаттай шыңдалуының әдеби-көркем баянының үздік үлгісін алдымызға жайып салады.

  1. "Алқызыл желкендер" - Александр Грин

Автор бұл шығармасында адамдық бақыттың әлемде теңдесі жоқ романтикалық әлемін жасады. Роман — махаббат жайлы сырлы да нәзік поэма. Бұл кітапта алқызыл желкендер туралы ертегі шындыққа айналады. Сол арқылы егер адам арманшыл болса, шын бақытқа ұмтылғысы келсе, ол жолда өзіне сенімді, рухты болса — түбі соған жетеріне сендіреді.

«Толқын перісі» – романтизм өкілі Александр Гриннің басты шығармаларының бірі. Толқын бетімен жүре алатын ғажайып қабілетке ие әдемі қыз Фрези Грант туралы романды оқи отырып, арманшыл Томас Гарвеймен бірге «Толқын перісімен» және «Сүңгуірмен» саяхат жасаңыз.

  1. "Шыбындар Әміршісі" - Уильям Голдинг

Уильям Голдингтің «Шыбындар әміршісі» шығармасы 1954 жылы жарық көрді. Жасөспірім балалар әуе апатына ұшырап, тіршіліктен тыс қалған аралға тап болады. Балалар алғашында үлкендерше тәртіп орнатып, өз бетінше өмір сүрмек болды, алайда бұл тәртіп ұзаққа бармайды. Балалардың арасында билік үшін күрес басталады. Джек балаларды өзіне бағындырғысы келеді, ал Ральф пен Томпақ торай белгіленген тәртіптің не үшін қажет екенін дәлелдей алмай қиналады. Оқиға шиеленісе түскенде балалар Саймонды, Томпақ торайды еш аяушылық сезімсіз, қатыгездікпен өлтіреді.

Осы шығармасы туралы жазушы: «Шыбындар әміршісін» мен соғыстан кейін жазуым тиіс болды, қасіретті соғысты басынан кешкен адам қатыгездіктен жерінер еді, дегенмен шығарманың негізгі түйіні де сол», — деп жазады. Кітап көпшілік оқырман қауымға арналады.

  1. "Гулливердің саяхаттары" - Джонатан Свифт

1726 жылы, «Робинзон Крузодан» кейін арада бар-жоғы жеті жыл өткен кезде, абырой-даңқы Дефо шығармасынан кем түспейтін осы «Гулливердің саяхаттары» өмірге келген еді. Мұнда әуелде оташы, кейіннен бірталай кемеге капитан болған Гулливердің дүниенің түкпіріндегі бірнеше елге жасаған қызықты саяхаттары баяндалады.

Бұл шығарма – бір жағынан әлеуметтік-саяси қарым-қатынастар жайындағы өткір мазмұнды роман-памфлет. Балаларға ғана емес, үлкендерді де терең ойға бастайтын сатиралық-философиялық тамаша туынды.

7."Батпырауық қуған бала" - Халед Хоссейни

Халед Хоссейнидің «Батпырауық қуған бала» атты романы сиясы кеппей жатып, талғамы биік оқырман қауымның жоғары бағасын алып үлгерген.

Романның негізгі тақырыбы — Әмір мен Хасеннің тағдыры. Батпырауық қуып жарысқан Әмір мен Хасеннің тағдыры да жел ұшырған батпырауықтай заманның аласапыранымен әр тарапта әр қилы жалғасты. Романда тек осы екеуінің ғана емес, пуштун мен хазардың, үстем тап пен қараша халықтың, тәліптері бар, басқа да саяси-әскери төңкерістерді бастан кешкен Ауғанстанның қасіреті баяндалған. Әр тарау сайын оқиғалар күрт өзгеріп, шарықтап отырады. Шынайы достық, адалдық пен сатқындық, ақталу мен мойындау шынайы да, шебер берілген.

8. "Зүлейханың оянуы" - Гүзел Яхина

Татар жазушысы Гүзел Яхинаның бұл романы – өткен тарихымыздағы әлі күнге дейін айтылмай жүрген ащы шындықтың бетін ашып, бүгінгі және кейінгі ұрпақ білуі тиіс ақиқатты айта білген туынды.

1930 жылдары кулак ретінде Сібірге жер аударылған, тар кезеңде тағдырлары тоғысқан сан алуан жан өлім мен өмір беттескен сәттерде тірі қалу үшін бірлесе күреседі. Рух қайсарлығы. Жүрек жылуы. Ана махаббаты. Романның бас кейіпкері Зүлейха осы қасиеттерінің арқасында тағдыр сынағынан сүрінбей өтеді. «Қайткенде адам қалады адам болып?». Психологиялық иірімдерге бай роман оқырманына осындай сұрақ қояды. Ой тастайды.

  1. "Құм жағалаудың капитандары" - Жоржи Амаду

Құм жағалаудың капитандары әлі де бар. Олар есейіп, ер жетеді, олардың орнына басқалар келеді, олар жыл өткен сайын көбейе түсуде.  

Сәби күнінен  ешқандай ойыншығы мен мектебі болмаған,  отбасының жылуы мен аналық мейірімге ешқашан бөленбеген бұл балалардың қуанышсыз өмірін өзгерту үшін аштық пен қайыршылықты  жою қажет. Құм жағалау капитандарының қарындары аш, бірақ олар тағдырға мойынсұнбағандар...

 

Бұл тек біз таңдап алған тоғыз кітап, ал қазіргі таңда қазақ тілінде жарық көріп жатқан балаларға және ересектерге арналған әлем әдебиетінің шығармалары өте көп. Сүйікті жазушыларымыздың еңбектері қазақ тілді оқырманға жол тартқанына бірге қуанайық және бұл істі атқарып жатқан баспаларды барынша қолдау көрсетейік. Себебі, әдебиет - халықтың айнасы.